Астанада Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының V конгресі өтті

Барлық елдердің түркілері, бірігіңдер!

 

 

 

 

 

ТҮРКСОЙ – түркі тілдес халықтар арасындағы мәдени байланыстардың дамуына қызмет ететін бірден бір халықаралық ұйым. Біз туыс елдер мәдениетінің ортақ тұстарын, сөз өнерін насихаттауға, аталардан қалған асыл мұраларымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, жадына жазуға тырысудамыз. Еуразия кеңістігі ұлан-ғайыр даласын мекен еткен түбі бір түркі жұртының ең ғажайып мұраларының бірі – сөз өнері. Бұл байлықтың қолданылуы, дамытылуы, ұрпаққа мирас етілуі адамзат алдында барлығымыздың қасиетті борышымыз.

 Дүйсен Қасейінов

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы

     Бұл конгресті ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы,  Еуразия Жазушылар Одағы және «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Конгреске 15 елден 40-тан астам журнал редакторлары мен жазушылар, танымал мәдениет қайраткерлері қатысты. Және де бұл шараның өтуіне Түрік ынтымақтастық және даму агенттігі (ТИКА) мен Юнус Емре Түрік мәдениет орталығы демеушілік жасаған.

     Конгресс жұмысына ҚР  мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысты.

  Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан осы Түркі әлемі әдеби журналдары редакторлары конгресін ұйымдастырушылардың бірі Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Омероғлы біздің журналға арнайы сұхбат берді.

 

О.Т.: – Түркі әлемі әдеби журналдары редакторлары конгресін дәстүрлі өткізудің негізгі мақсатына тоқталсаңыз.

Я.О.: -ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен соңғы бес жылда дәстүрлі шараға айналған  бұл  конгресс бұған дейін Түркияда, Солтүстік Кипрде және Әзірбайжанда өткізілген. Конгрестің мақсаты – түркі халықтарының әдеби байланыстарын дамыту арқылы ұлттық тілде ақпарат алмасуды жетілдіру, әдебиет саласындағы үздік туындыларды, озық

қаламгерлерді анықтау. Шара бағдарламасы бойынша биылғы жылы да әдеттегідей «Түркі әлеміндегі  жыл әдебиетшісі» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті, 2012 жылдың үздік әдебиетшісі анықталды.

         О.Т.: – 5-ші рет бас қосып отыр екенсіздер. Бұған дейінгі бас қосулардың бүгінгі нәтижелері қандай?

Я.О.: – Өзіңіз де куә болғаныңыздай, Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының Ү конгресінде түркі тілдес халықтардың бүгінгі рухани әлеміндегі әдеби журналдардың қызметі сарапқа салынды, «Түркі әлемінің әдеби байланыстары: өткені, бүгіні, келешегі»,  «Әдебиет және әдеби журналдар»,  «Әдеби аударма және басылым»,  «Әдеби басылым және ұлттық тіл» тақырыптарында Түркия, Иран, Ирак, Қырым (Украина), Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Татарстан (РФ), Башқұртстан (РФ),  Кабардин-Балқар (РФ), Саха-Якутия (РФ), Косово, Солтүстік Кипр және Қазақстанның бірнеше белгілі әдебиетшілері баяндама жасады. Бұл баяндамаларда негізінен конгрестің жұмысы басталғалы бері атқарылған істердің нәтижелері баяндалды. Яғни, түркі тілдес халықтар әдебиетінің аударма мәселесінің бүгінгі жеткен жетістіктері, әдеби байланыстардың ықпалы айтылды. Қазір біздер бір-біріміздің әдебиетіміз жайлы кеңірек біле бастадық. Тұрақты шығып тұратын әр ел әдеби журналдарының бұл бағыттағы рөлі зор болды дер едім. Сол журналдарда түркі әлемі әдебиетінің маржандары бір тілден екінші тілге аударылып басылып жатыр. Ал мұның өзі келер шақтарда тұтас түркі әлемі әдебиетінің өзіндік электронды кітапханасын жасақтауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.Түркі халықтары әдеби журналдары арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері тағы да кеңінен талқыланды. Көптеген ұсыныстар айтылды, бұл бағытта кездесуі мүмкін қиындықтар мен кедергілер туралы да ойлар ортаға салынды. Мұның өзі конгресс жұмысының болашақта атқаратын іс-жоспарына негіз болады деп ойлаймын.

О.Т.: – Бұл бас қосуды биыл Астанада өткізуді жоспарлаған екенсіздер.

Я.О.: – Иә, оның да өзіндік себебі болды. Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан НазарбаевАстана қаласын 2012 жылғы Түркі әлемінің мәдени Астанасы деп жариялағаны белгілі. Демек, Мәдени астанада осындай іс-шараның өткізілуі заңдылық деп есептеймін.Қазақстанда 90 жылдан бері шығып келе жатқан «Жұлдыз» әдеби журналының өзі Қазақ елінің әдеби тарихының айнасы іспетті. Біз осындай мұралардың жалғасын тауып, бүгінгі түркі әлемі жастарының ортақ рухани қазынасы бар екендігін әрдайым көрсетіп, насихаттап, танытып отыруға міндеттіміз.

О.Т.: – Қазіргі заман негізінен электронды ақпаратқа құлақ түруге әуес. Сондай кезеңде әдеби журналдардың маңызын көтеріп отырған бұл Конгрестің жастарға қандай ықпалы болады деп ойлайсыз?

Я.О.: – Осының бәрі жастар үшін  жасалып жатыр. Жастар рухани құндылықтардың біздің заманымызға қағаз арқылы жеткенін жақсы біледі. Қазіргі электронды тасымалдағыштардың да рөлі зор екенін де түсінеді. Дегенмен,  ақпарат тасымалдағыш ретіндегі қағаздың дәуірі өткен жоқ, менің ойымша, ол – мәңгілік. Тасқа басылған құндылықтардың ғұмыры ұзақ және тамыры терең ойлардың қайнар көзі кітапта және журналдарда. Көркем шығарма – ол қай заман оқырманының да қажеттілігі болған және бола да береді. Бірақ көркем шығарманы Интернеттен оқып отыр алмайсың. Оны тек қана кітаптар мен журналдардан оқығанда тұщынасың. Сондықтан бұл шара жастарды көркем шығарма оқуға үндеудің бір амалы деп те түсінуіміз керек.

О.Т.: – Конгреске қатысқан түркі әдеби  журналдары қатарында біздің «Тұмар» журналы сияқты тек қана жастар шығармашылығын насихаттайтын басылым жоқ екен.

Я.О.: - Иә, Қазақ елінде тек қана жастар шығармашылығына арналған осындай тамаша журналдың бар екендігі бізді қуантты. Қандай экономикалық қиындықтарға да қарамастан және қазіргі жаһандану дәуіріндегі нарықтық психология мен нарықтық қыспаққа қарамастан біз жастардың рухани тіннен ажырап қалмауына барынша жағдай жасауымыз керек. Бұл орайда «Тұмар» журналы сияқты басылымдардың рөлі зор болар еді деп ойлаймын. Бұл – алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасындағы алтын көпірдің қызметін атқарар еді. Біздің осы конгресіміз де мәдениет саласында келер ұрпаққа құнды еңбектер қалдыруды және онымен күллі түркі жұртын таныстырып отыруды мақсат етіп отыр, демек осы конгрестің де келешекте белесі биік болатынына сенімдімін.

Әңгімелескен  Оңайгүл Тұржан

 

* * *

    

 Астанада өткен Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының бесінші конгресінде осы конгрестің шешімі бойынша белгілі жазушы Төлен Әбдік 2012 жылдың әдебиет қайраткері атанды.

 

 

 

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы қаламдас ғалымдардың осы шараға мұрындық болып отырғандығын және білім саласындағы азаматтар үшін маңызы ерекше екендігін тілге тиек етті. Сөз соңында белгілі ғалымдар мен жазушылардың студенттерімізге дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліссе екен деген тілегін білдірді.

 

 

 

 Осы конгрестің аясында тарихы бай, күллі қазақ әдебиеті классиктерінің мектебі болған, бүгінгі таңда да қазақ әдеби кеңістігінің мәні мен мазмұны, мақтанышы мен мерейі болып отырған  «Жұлдыз» журналының 90 жылдық мерейтойы өткізілді.

 

 

 

 

* * *

Түркі  әлемі – кең жаһанның жартысын алып жатқан ел. Оның кеңістігінде де небір оқиғалар өтіп, ұлы өмірдің дәлізінде қалың жұртқаптап келе жатты және жағаға соққан толқындай улап-шулап кетіп бара жатты. Сөйте жүріп өзінің рухани байлығын арқалап, жолда түсіп қалғанын артта келе жатқандар жиып-теріп алып, туған жерге деген шексіз махаббатты бойына қуат қылып, қуаныш-қайғысын бір-бірімен бөлісіпарылы-берілі көшіп жүрген. Ол әлі де солай. Тек кешегідей үдере көшу тоқталған. Ендігі заман тұрақтап қалған жеріңдегі рухани байлығыңды жалпақ жатқан түркі әлемімен бөлісу, танысу және таныстыру, сол арқылы өзіңді өзің танудың шексіз кеңістігіне шығу.

Бұл Конгресс сол шексіз кеңістікке жол салудың келесі кезеңі болды.

Әдебиет, яғни, сөз өнері – ежелден келе жатқан рухани елші. Сол елшінің көмегімен ғаламдық рухани байлықты жасақтаушы әлем ретінде өзіміздің қандай ауқымда келе жатқанымызды анықтай аламыз.

Бұл Конгресс сол іс-қимылдың да келесі кезеңі болды.

Осындай жауапты жұмыста қолдан қолға көшіп, шапшаң іс-қимыл жасап жүгіре алатын технологияның бірі және маңыздысы – әдеби журналдар. Қазақ журналдарының көш басында тұрған «Жұлдыз», «Алтын тамыр», «Абай», Түркияның «Түрік едебияты» және «Түрік дүшүнжесі», Косованың «Түркчем», Солтүстік Кипрдің «Турналар», Әзірбайжанның «Улдуз», Қытайдың «Іле айдыны», Қырымның  (Украина) «Йылдыз», Өзбекстанның «Гүлістан», Иранның «Варлық», Саха-Якутияның (Ресей) «Атилла»,  Башқұртстанның (Ресей) «Агидел», Кабардин-Балкардың (Ресей) «Мингитау», Ирактың «Кардешлик» , Татарстанның (Ресей) «Қазан отлары», Қырғызстанның «Жаны Алатоо» және тағы да басқа басылымдар бүгінгі түркі әдебиетін бір-бірімен жалғастыра алатын алтын көпірлер.

Бұл Конгресс сол көпірдің тастабанын мықтай түсудің де келесі кезеңі болды.

 

 

 Айдарлары: Публицистика  Ілмектері: Comments (0)