Исламдық идея және Public Relations

ДҮНИЕЖҮЗІ МҰСЫЛМАН PR-ШЫЛАРЫНЫҢ II КОНГРЕСІ

 

Иран Ислам Ресубликасының астанасы Тегеранда желтоқсан айының 8-9 күндері Дүниежүзі мұсылман PR-шыларының ІІ конгресі өтті. Оған әлемнің 16 мемлекетінен1000-ға жуық PR-танушылар, журналистер, саясаткерлер, халықаралық қатынастар мамандары мен ақын-жазушылар және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты. Оның құрамында Қазақстаннан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері де болды.

 

 

Бұл үлкен бас қосуда Исламдық идеяның бүгінгі таңдағы жай-күйіне жан-жақты талдау жасалынды. Күллі адамзатты көп құдайлықтан арылып, Бір Аллаға  сыйынып, бір ауызды болуға шақырған Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) басталған жұртшылықпен байланыс идеясының Исламдық қағидаттардағы

айқын жолдарын жан-жақты ашып көрсетудің мәселесі талқыланды.
«Халықсыз билік болмайды, дінсіз халық болмайды». Адам баласы діни ұстанымдарымен өмір сүреді. Ал сол дініңді әлдекімдер озбырлықтың, жауыздықтың кескіні етіп көрсетіп жаһанға жар салып жатса, оған қарсы қандай да бір і-қимылдарды жүзеге асыруға тура келеді. Бірақ ол қандай іс-қимыл болмақ? Оны айқындау – аса жауапты мәселе. Конгресте зор маңыз бере айтылған әңгіме осыған ойысты.
Біз эфирден мұсылман елдеріндегі жарылыстар мен айқай-шуларды жиі көреміз. Ал Исламдық мемлекеттердегі мәдениет пен ғылымның дамуы туралы, адамдардың тұрмыс-жағдайы туралы әлемдік БАҚ тарататын ақпараттар тым аз. Мұның өзі ислам дінін құбыжық етіп көрсетіп, ол туралы жағымсыз PR таратушылардың қатарын көбейте бастады. Бұл бейбіт сүйгіш мұсылман елдерін алаңдатарлық жағдай. Сондықтан да біздің мұндай әрекеттерге қарсы жасайтын исламдық spindoktopлық шараларымызды күшейту бүгінгі таңда аса маңызды.
Батыстың кейбір журналистері мен  PR -шылары «исламистер» деген сөзге жағымсыз ассоцация қалыптастырып үлгірді. Біз бұларды антиисламдық бүлдіргіш вирустар ретінде қарастыруымыз керек. Және осындай жағымсыз пікірлерден өзімізді өзіміз тазартып отыратын антивурстарымызды үздіксіз екшеп шығарып отыруымыз

Мехди Bagherian,
Халықаралық Иран PR конгресінің негізін қалаушы және Бас хатшысы

маңызды.  Өйткені ислам діні біздің ішкі бірлігімізді сақтап тұрған қорғанышымыз. Демек дінімізді қорғау – әрбір мұсылманның борышы. Ал қорғау дегеніміз – ол тек қана өзіңе қарсы келгенге қарсы жауап қайтарып тастап отыру ғана емес. Немесе көшелерде шеру өткізу ғана емес. Шеру – қарсылық танытудың бір ғана амалы. Көп жағдайда ол тіпті мәселені ушықтырып жіберетінін де көріп жүрміз. Демек, оның басқа да тиімді амалдарын қолданысқа көптеп енгізу керек. Ол үшін осы бағыттағы арнайы зерттеушілер ұжымын жасақтаудың да маңызы зор. Сонда қорғаныс бағытындағы және исламдық демократтық идеяларды тарату бағытындағы жұмыстарды тек қандай да бір дағдарыстар тұсында ғана емес, жоспарлы түрде, үздіксіз жүргізіп отыруға мүмкіндік туады. Үздіксіздік – қандай жұмысты да нәтижелі етеді. Осылайша құрылған исламдық PR идеологиялық, саяси, ғылыми және экономикалық ұстанымдарды негізге ала отырып, әр бағытта үздіксіз жүргізілетін жұмыстардың кешені болады. Бұл кешенді жұмыстың әрқайсысы өзіндік ішкі PR-кешендерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Жоғары оқу орындарында Ислам ғылымын танытып, оқытып қана қою жеткіліксіз. Қазіргі таңда исламдық идеяны насихаттаудың жолдарын өзіндік ғылым ретінде дамытуда біз кенжелеп келеміз. Исламдық идеяны өзара түсіністік пен үйлесімділік негізінде, демократиялылықты, ашық пікірді ұстана отырып насихаттау үшін арнайы  PR-программалар қажет.
Тағы да бір маңызды мәселе – әр түрлі іріткі салушы діни ағымдардың жоғары оқу орындарына келіп, студенттердің арасында өздерінің теріс пиғылды саясаттарын жасырын түрде насихаттау үрдісінің бар екендігін жасыра алмаймыз. Бұл да мұсылмандыққа жағымсыз реңк беру үшін жастарды пайдалануға бағытталған әрекеттер болып табылады және өздерінің радикалды ұстанымдарын жастардың қолымен жүзеге асырудың жолдары екендігін жастарға кеңінен түсіндіруіміздің керектігі де осы конгресте баса айтылды.
Бірақ идеяны тарату өз алдына, сол идеяның экономиканың дамуына қаншалықты ықпалы болатындығын дәлелдеп шығу маңызды. Өйткені қандай идея болса да, ол халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәдениетінің өрлеуіне ықпал еткенде ғана жұртшылықтың қолдауына ие болады. Исламдық идея – шын мәнісінде сондай талаптарға жауап беретін, жоғары деңгейдегі ұстаным. Өкінішке орай мұсылмандық БАҚ, мұсылмандық Интернет-журналистика көп жағдайда исламдық идеяның экономикадағы, саясаттағы, білім берудегі, жастар тәрбиесіндегі, мәдени дамудағы, адам психологиясына, денсаулық сақтауға қатысты қағидаттарын терең зерттеп жазуға белсенділік танытпайды. Атүсті қарағандарға ислам діні дегеніміз тек қана намаз оқып, ораза ұстау сияқты.  Исламдық идеяның экономиканы дамытудың да кілті болатындығы туралы жазылып, әлемдік деңгейде жеткілікті айтылып жатқан жоқ. Ислам Даму Банкінің дамуы кенжелеп қалған мұсылман елдерге қаржылық-несиелік көмек көрсетуінің адамзаттың әлеуметтік дамуындағы маңызына жеткілікті баға да берілген жоқ. Мұның өзі мұсылмандық идеяны насихаттаудағы жүйеліліктің әлсіздігін көрсетеді.
Тағы бір маңызды мәселе мұсылмандық  PR тарихына қатысты болды.  PR-танушылар  Public Relations-дың әлемдік тарихын амрикалық Айви Лиден немесе Эдуард Бернейстен басталғандай көрсетеді. Ал шын мәнісінде PR-дың тарихы тым әріде жатыр. Оның ішінде мұсылмандық PR тарихы да ұзақ жолдардан өтіп, бүгінгі күнге жетті. Исламдық идеяны тарату үшін Public Relations-дың қаншалықты қажет болғандығын Мұхаммет Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірі туралы деректерді оқып шығып та көз жеткізуге болады. Көне дәуірлердегі көсемдердіңжұртшылықтың алдында сөз сөйлеуі, шамандардың билері, салт-дәстүрлері – осылардың бәрі жұртшылықтың бір тұтас ұлт, халық болып бірігуіне ықпал еткен ежелгі Public Relations технологиялар. Тіпті олардың қатарынан PR-акцияларды да табуға болады. Сондықтан ендігі кезекте мұсылмандық PR-дың толыққанды тарихын түзу қажет. Жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттарына, докторанттарына исламдық Public Relations тарихын зерттеуді тақырып етіп ұсыну қажет.
Жұртшылықпен байланыс орнатудың барлық мүмкіндіктерін іске қосу арқылы ғана біз жер шарының түкпір-түкпіріндегі адамдарға өз идеяларымызды жеткізе аламыз. Өз жақтастарымыздың қатары сонда ғана көбейе түседі. Әлемдегі ең әділ, адамгершілікке негізделген және демократтық бағыттағы исламдық идеяны таратудың нақты моделі, ортақ ұстанымы болуы тиіс.
Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад өзінің осы конгреске жолдаған құттықтауында «Тегеранда өтіп жатқан бұл Конгресс Ислам елдері арасындағы бірлікті нығайта түседі деген сенімде» екендігін білдірді.

Иран Ғылым және технология университетінің профессоры, Ирандағы Ақпараттық технологияның (ІТ) негізін қалаушы Али Акбар Джалали:  «Исламдық  Public Relationsді халықаралық деңгейде дамыту дағдарысты
жағдайдан шығудың ең басты кілті» деді.
Малайзия Public Relationsинститутының вице-президенті, профессор Мохаммед Хамдан Аднан «Бұл конгрес исламдық идеяның жағымды образын қалыптастыруға қызмет етудің жаңа бағыттарын айқындай алды» деген пікірін білдірді.
Конгресс Төрағасы Мохаммад Рошан  2 рет өтіп отырған бұл Конгрестің маңызына тоқтала келіп, жаһандану дәуіріндегі Исламдық идеяның рөлін арттыруға Public Relations технологияларының тиімділігін атап өтті.
Иранның бұрынғы Сыртқы Істер министрі, Иран Рухани көсемінің кеңесшісі, доктор Али Акбар Велаяти: «Қандай жағдайда да батыстан естіліп жататын ислам дінін қоғамдық қатынастардан оқшаулап тастау әрекеттеріне біз жол бермеуіміз керек» дей келіп, бұл бағытта атқарылуға тиісті жұмыстарда исламдық Public Relations технологияларын батыл қолдануға шақырды.
Осындай ойларды ортаға салған Конгреске қатысушылар екі күндік жиынның қорытындысы ретінде келешекте мынадай бағыттарды іске асыруды негізгі деп тапты:
1. Ислам – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) негізін қалаған жұртшылықпен байланыс орнату идеясы. Ол Бір Аллаға деген сенімді және адамзаттың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, бірлік пен адамгершілікті негізге алады;
2. Ислам әлемінің басқа елдермен саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және халықаралық  байланыстары теңдік пен тәуелсіздікті негізге ала отырып кеңейтіле түсуі тиіс;
3.Исламдық  Public Relationsді одан әрі дамытудың жолдары ғылыми зерттеу нысандарына айналып, оның терең иірімдері ғылыми негізделуі қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Ислам елдері университеттерінде осы бағытта арнайы пәндер оқытылып, болашақ зерттеушілерге бағыт-бағдар сілтенуі маңызды.
4.Исламдық идеяның қазіргі таңдағы шынайы да жарқын, жаңашыл образын жаһанға таныту үшін коммуникацияның барлық тиімді технологияларын қолдану қажет болып отыр, бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының күш-қуатын көбірек пайдалануға басымдық беру керек;
5. Мұсылмандықтың қазіргі таңдаға қайта өрлеу кезеңі исламдық идеяның негізгі құндылықтарын барынша айқын көрсететін, бұл идеяның отаршылдықтан, астамшылықтан, зорлық-зомбылықтан, диктаторлық ұстанымдардан таза, ең бейбіт идея екендігін дәлелдеу кезеңі келді деп есептейміз және сол жолда атқарылатын іс-шараларды қолға аламыз

Оңайгүл Тұржан

Тегеран

 Айдарлары: Публицистика  Ілмектері: Comments (0)